СОР № 1 Казахский язык 11ОГН класс Ұлттың тарихи жәдігерлерін сақтау. Шешендік сөздер

Назад
Казахский язык - 11ОГН класс, Қазақша 🇰🇿 3 четверть

Ұлттың тарихи жәдігерлерін сақтау. Шешендік сөздер

Задание:

Сізге мектепаралық ғылыми конференцияда «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтаудың маңыздылығы» тақырыбында өз пікіріңізбен баяндама жасау қажет. Төменде берілген мәтін ақпаратын қолданып, баяндамаңыздың тезисін жазыңыз. Сөз көлемі шамамен – 100-110.

Қазақ даласындағы ең көне 5 қала Қазақ тарихында көне қалалар мен тарихи орындар жетерлік. Олардың көбісі Ұлы Жібек жолы бойында маңызды қызметтер атқарып, орта ғасыр тұсында мәртебелі қала статусына көтерілді. Тараз – 2000 жыл. Тарихы тереңде жатқан қалалардың көшін Тараз қаласы бастайды. Орта ғасырлардан бері Тараз деген атауымен әйгілі қалаға ең бірінші келгендер – Ферғана алқабының өзбектері болған. 1997 жылынан бастап тарихи атауы қалаға қайтарылды. 2002 жылы Тараз өзінің 2000 жылғы мерейтойын атап өтті. Көне Тараз шаһары – Ұлы Жібек Жолының бойында айрықша орны бар қалалардың бірі. Қарахан мемлекеті тұсында гүлденіп, мәртебелі қала статусына көтерілді. Кеңес Одағы кезінде Жамбыл облысының орталығы болып, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, Жамбыл облысының әкімшілік орталығына айналды. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қасиетті, тарихи, көне шаһар Таразда тойланып өтті. Түркістан – 1500 жыл. 1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласы. Қазақтың рухани ордасына айналған Түркістан қаласы – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығысында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен (Қызылорда) солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер. Түркістан қаласы – Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Түркістанның іргетасы – V-VІ ғасырларда қаланған. Құлан – шамамен 1400 жыл. Құлан орта ғасырдағы (VII-XII ғ.) шағын қаланың орны. Құлан – Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы. Қала туралы алғашқы тарихи деректер VII ғасырдан бастап белгілі. Саяхатшылар Ибн Хордадбек, Құдам қолжазбаларында Құлан Тараз қаласының шығысына таман, Ұлы Жібек жолындағы қала деп көрсетіледі. Әл-Макдиси Құланды 10 ғасырда былай сипаттады: «Күмбезді мешіті бар, мықты қоршалған қамал. Бұл үлкен Тараз жолының бойында орналасқан бекіністі қала». 1963-1965 жж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының археологиялық экспедициясының зерттеулері нәтижесінде «қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы маңындағы төбе-төбе үйінділер – ежелгі Құлан қаласының орны» деген қорытынды жасалды. Отырар – 1300 жыл. Отырар – Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалалардың бірі. Қаланың қалдығы Отырартөбе деген атпен белгілі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көптеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады. Отырар қаласы VIII ғасырда Тарбанд деген атаумен белгілі бола бастады. IX ғасырда қала мәртебесіне көтерілді. Отырар қаласы құрылған кезден бастап аса ірі кітапхана мен мәдени ошақтарға бай болды. 1218 жылы Хорезм шаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Осылайша тарихта «Отырар апаты» деген атпен белгілі ұлы шайқас болды. Алматы – 1000 жыл. Археологиялық зерттеулер VII-IX ғасырларда қазіргі Алматы қаласының территориясында бірнеше елді мекендердің болғанын, олардың IX-X ғасырларда қалашықтарға айналғандығын көрсетеді. Ең ірісі бұрынғы шекара училищесіне жақын, қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Ол жерден қыштан жасалған ыдыс-аяқ, қола және темірден жасалған бұйымдар табылды. 1980 жылы Байпақов К.М. бастаған археологтер ортағасырлық ұстахана орнындағы қазба жұмыстары кезінде темірден жасалған құралдар, балталар жиынтығы және ортағасырлық домна пешін табады. Алтынбек БЕКНҰР

Решение:

Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау — рухани мұралардың сақталуына бағытталған мемлекеттік шаралар кешені. Қазақстанның немесе өзге мемлекеттің аумағындағы қазақ халқының тарихи және мәдени мұралары мемлекет тарапынан қорғауға алынады. Тарихи және мәдени мұраларға тарихи, шығарм., ғыл. немесе мәдени мәні бар діни не зайырлы сипаттағы мүліктік құндылықтар жатады: өнер туындысы, кітап, қолжазба, инкунабула, мұрағат материалдары, архитектуралық, тарихи, шығарм., монументалдық ескерткіштердің құрылымдық бөліктері, т.б. Рухани мұралар тізімге алынып, мемлекет аумағынан сыртқа шығарылмайды. Тек белгілі бір мәдени іс-шаралар кезінде құзіретті органның қатаң бақылауымен уақытша сыртқа шығарылуы мүмкін. Рухани мұраларды қорғау және сақтау мәселесі халықаралық дәрежеде қолға алынған.

Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі.
Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни, халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?
Қайсыбір халықтың немесе ұлттар мен ұлыстардың жаратылыстан алатын өз тарихы мен орны бар. Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын қасиетті жердің бірі – «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы.
Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, оның сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде де маңызы зор. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш сақталынған. Солардың бірі – «Таңбалы» шатқалындағы археологиялық ескерткіштер.
«Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының аумағында сақталынған археологиялық, діни-рухани ескерткіштер өте көп. Аталған ескерткіштердің 5000-ға жуығын қазіргі таңда «Таңбалы» тарихи-мәдени қорық мұражайы тізімге алған. Осы ескерткіштердің басым бөлігі қола дәуірінен бастау алатын жартастағы суреттер мен жерлеу орындары, яғни, қабірлер болып келеді.
Ашық аспан астындағы қорық-мұражай жыл сайын ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында бақылау-барлау жұмыстарын жүргізе отырып, жаңадан табылған археологиялық мұраларды есепке алып, оларды жоюдан, бүлінуден қорғау мақсатында іс-шаралар атқарып келеді. Тізімге алынған әрбір ескерткіш орналасқан аумағына қарай, сол жердің өткен тарихынан хабардар ететін ұлт байлығының рухани қазынасы екені баршамызға мәлім.
Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі болып отыр. Көптеген тарихи-мәдени мұралар жеке тұлғалардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырады. Осы орайда жергілікті халық аталған тарихи-мәдени мұраларымызды бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап, мектептерде өтілетін тәрбие жұмыстарына енгізсе, оның келешек ұрпақты өз елінің мәдениетіне, өткен тарихына жанашырлықпен қарайтын, ұлтжанды етіп тәрбиелеуде маңызы зор.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, оларды зерттеу мен насихаттау мемлекеттік деңгейдегі шара болып табылады. Қазіргі таңда «Таңбалы» тарихи-мәдени қорық мұражайының Жартас суреттерін қалпына келтіру және ғылыми зерттеу, қор сақтау бөлімі осы бағытта тыңғылықты жұмыс жасап келе жатыр. Бөлім мамандары жыл сайын археологиялық зерттеулер арқылы Таңбалы аумағынан ғасырлар куәсі болған жартас суреттері мен қорған-қабірлердің, тұрақтардың орнын тауып, зерттеп тізімге алып келеді.
Осыған орай әрбір қорық – мұражайдың, әсіресе, Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген мұражайдың негізгі мәселесінің бірі – мұра нысандарының тұтастығы мен таза табиғилығын сақтау және қалың көпшілікке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Соңғы жылдары халықаралық сарапшылар қауымдастығының назарына ілінген «Таңбалы» археологиялық кешенінің мәдени ландшафты және жартастағы бейнелерді сақтауы туралы, қорық – мұражай басшылығы мен менеджерлері арқылы республикалық және халықаралық баспасөз беттерінде кеңінен жариялап келеді.
Қорық-мұражай күнделікті ғылыми жұмыстарында жетекші мемлекеттік мекемелермен, атап айтқанда, А.Х.Марғұлан атындағы археология институтымен, отандық және шетелдік қорық-музейлермен, жоғарғы оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыста. Сонымен қатар, жартас өнері сарапшыларымен, зерттеушілерімен қатар менеджерлерімен де Орталық Азияда, ТМД елдерінде жиі кездесулері (басқосулар) жақсы дәстүрге айналуда. Қазақстанда «Таңбалы» қорық – мұражайы әрдайым түрлі мәдени шаралардың бастауында. Мәдени мұраны сақтау саласы бойынша ұйымдастырылған түрлі аймақтық семинарларға қатысу және ұйымдастыру мәселелері ЮНЕСКО, сондай-ақ IFES (ТМД елдерінің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры) сияқты ұйымдарының тұрақты қамқорлығында. Қорық мұражай 2010 жылдан бастап соңғы үш – төрт жылда екі аймақтық және халықаралық семинарлардың ұйымдастырушысы, сондай-ақ, ғылыми мекемелермен бірлесе халықаралық семинардың ұйытқысы болды.
2010 жылдың қазан айында ЮНЕСКО-ның бастамасымен жартас өнері (CARAD) жәдігерлерінің құжаттары бойынша Халықаралық аймақтық ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Онда Орталық Азия, Сібірдің (РФ) жартас өнері зерттеушілерінің жұмыстары таныстырылды. Семинар Таңбалының бүкіләлемдік мұралар тізімінде екендігінің және ЮНЕСКО-ның Норвегия – Қазақстан жобасының іске асырылуының дәлелі.
2003 жылы НИПИ ПМК МКРК ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының ықпалымен «Орталық Азиядағы жартас өнерінің ескерткіштері: қоғам қолдауы, менеджмент, құжаттама және консервациялау» тақырыбы бойынша Таңбалыда ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Қорық – музей семинар ұйымдастырушысы болмаса да оның қалыптастыру мен тану үдерісіндегі маңызды қадамы болды.
2011 жылы МФГС қолдауымен ТМД елдерінің тарихи- мәдени мұралары бойынша халықаралық семинар сәтті өтті. Семинар нәтижесі бойынша оның материалдық жинағы жарық көрді.
Таңбалыда өткізілген әртүрлі деңгейдегі іс- шаралар мәдени ландшафтардың қазіргі кездегі қоғамдық санадағы рөлінің күннен-күнге артып келе жатқандығының айғағы.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарынан танысудан басталатыны мәлім» деп жазған. Ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау өткен көне замандарда да өткір мәселенің бірі болып отырған. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез-келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келеді.
Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып, жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.