СОР № 1 Казахский язык и литература 9 класс Қазақ жазуының даму жолы

Назад
Казахский язык и литература - 9 класс, Қазақша 🇰🇿 1 четверть

Қазақ жазуының даму жолы

Задание:

Тілдер мерекесі қарсаңында мектепішілік оқушылардың ғылыми қоғамында «Латын графикасы – ел болашағының кепілі» деген тақырыпта ауызша үндеу жариялаңыз. Үндеуіңізде берілген сөздер мен сөз тіркестерін қолданыңыз.
Сөздер мен сөз тіркестері: жаһандық әлемге жол, мемлекеттік тілдің позициясын нығайту, ұлттың сақталуы, әліпби реформасы, қоғамның қолдауы, «Көш жүре түзеледі», қанатын кеңге жайған ағылшын тілі, елу жылда ел жаңа, қолданыс аясын кеңейту, т.б.

________________________________________

Решение:

Соңғы кезеңде қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесі жөнінде жиі-жиі сөз бола бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына  Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деп атап көрсетті [1.73]. Бұл ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі-ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Мұны қазіргі кирилл-қазақ  әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тілімздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді  негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады,  бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол,  екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі  артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ,  латын  әріптерін  қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы  емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр.  Латынға көшу туралы жоғарыда айтылған алғашқы екі мәселеге әр түрлі мамандық иелері белсенді пікір айтса, соңғы үшінші, яғни, латын  әріптерін  қазақ әліпбиіне үйлестіру ісінде негізінен  тіл мамандары  белсенділік танытып отыр. Бірақ тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен, ана тіліміздің  төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса,  екіншісі, қазіргі оқыған жұрт  бұрынғыдай  өзге тілдің сөздерін бұзып айтуды оғаш көреді, сондықтан «қазақ тілі  әліпбиінің  құрамындағы қыруар  әріпті өгейсітіп, жат дыбыстарға  жатқызып, әліпбиі құрамынан шығарып тастау емлені  шешуі  қиын  өте күрделі  түйінге айналдыратын шешім» деген пікір айтып, қазіргі әліпбидегі жуандық және жіңішкелік таңбасынан басқа қырық әріпті де қалдырмай латынға алып өтуді жақтайды[2.4].

«Жеті рет өлшеп, бір  рет кес» дегендей, латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп,  тіл  тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да маңызды деп білеміз. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, қазіргі 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де  өзгермейтіні баршаға аян. Сондықтан  әліпби  реформасы  нақты ғылыми  ұстанымдарға  сүйенеді.

Кешегі өктемсоқ кеңестік жүйенің солақай саясаты қазақ тілі дыбыс жүйесінде  жоқ орыс тілінің ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына ауыстырылып, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды[3]. Сөйтіп тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанына» үйреніп кеттік. Тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен реңкін жоғалта бастады.

Бір тілден екіншісіне сөз ауыса берсе де, әр тілдің өзіндік дыбыстары мен жазу емлесі болатынын есте сақтаған жөн. Кейбір ғалымдардың «Бір тілдің  бір тілді үстемелеп, байытып,  түрлендіріп отыруы — барлық тілге тән ортақ  заңдылық», «орыс тіліне бес-алты мыңдай түркі сөздері енген» деген пікірлері дұрыс айтылған, бірақ орыс тіліне  енген түркі сөздері орыс тілінің дыбыстық заңдылығына сай  өзгеріске  түсіп енгенін, ал  қазақ тілінде  өзге тіл сөздері еш өзгеріссіз,  басқа  тіл заңдылығына сай алынғанын  да ескеруіміз керек.

Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері  графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлде қайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші т.б), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.  Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп,  халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс  деп білеміз.

Жазу — әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.