СОР № 1 Казахский язык 9 класс Жаһандану мәселелері

Назад
Казахский язык - 9 класс, Қазақша 🇰🇿 1 четверть

Жаһандану мәселелері

Задание:

1. Берілген сөздердің ішінен публицистикалық стильге тән тілдік бірліктерді анықтаңыз.
Өтініш беру себебі, жаһандану мүмкіндіктері, терезесі тең, керегесі кең, батыс мәдениеті, мәссаған, ғылыми техниканың дамуы, бәсекеге қабілеттілік, мемлекеттің болашағы, жер бедері, шаңырағы биік, заңмен реттелетін.
2. Әл-Фараби бабамыз: «Кез келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деген екен. Осы идеяны қолдана отырып, мектеп сайтына «Жастар және жаһандану» тақырыбында мақала жазыңыз. Мақалаңызда стильге сай іріктеген тілдік бірліктерді қолданыңыз.

Решение:

1.Жаһандану мүмкіндіктері, терезесі тең, керегесі кең, батыс мәдениеті, ғылыми техниканың дамуы, бәсекеге қабілеттілік, мемлекеттің болашағы,шаңырағы биік, заңмен реттелетін.

2.

Кез-келген мемлекеттің қозғаушы күші, қоғамның драйвері – жастар. Жастар жаңалыққа, өзгерістер мен жедел іс-қимылға бейім. Еуразия кеңістігіндегі елдердің тарихына үңілсек, жастар және олардың қозғалыстары мемлекеттің дамуына үлкен түрткі болған. Қоғамды дүр сілкіндірген тағдыршешті оқиғалардың бел ортасында белсенді жастар жүрді. Қазіргі уақытта да мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі орын алып келеді. Мемлекет өзінің әлеуметтік саясатына сәйкес жастардың білім алуы, баспанамен және жұмыспен қамтылуына қажетті бағдарламаларды қабылдады. Дегенмен, жастар арасындағы қылмыс, нашақорлық, жат ағымның жетегінде кету, сыртқы миграция, ажырасу сияқты проблемалар да жоқ емес. Сондықтан жаһандану жағдайында жастарға мемлекет тарапынан көңіл бөліп, рухани-патриоттық тәрбие беру – өзектілігі жоғалмайтын міндет.

Қазіргі уақытта адамзат білімі мен дүниетанымына сыртқы ықпалы үлкен, әлемдік қоғамдастықтың келешек даму бағыт-бағдарын айқындайтын жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бұл барлық елдерге, оның ішінде әсіресе халықаралық қауымдастықпен интеграциялануға дайын,  экономикалық және саяси жүйесі ашық елдерге тікелей қатысты. Әрине, алыс-жақын мемлекеттер сауда-экономикалық, ақпараттық-мәдени ынтымақтасып жатқан уақытта оқшауланып өмір сүру мүмкін емес. Бірақ көптеген елдер мемлекеттің ішкі саясаты, өзіндік мәдениеті, дүниетанымы сияқты объективті және субъективті себептерге сәйкес жаһандануды қабылдауға дайын емес. Жаһандану біздің өміріміздің барлық салаларына, атап айтқанда экономикалық, саяси, мәдени салаларға, қоғамға, отбасына, қауіпсіздікке, әлеуметтік өмірге тікелей әсер етеді. Интернеттің пайда болуымен ақпараттық кеңістіктің шекаралары бұзылып, кез-келген жаңалықты жар салып, еш кедергісіз әлемнің бір бұрышынан екіншісіне жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Жаңа технологиялардың пайда болып, жаңа экономикалық аймақтардың құрылып, өндіргіш күштердің өзгеруімен әлем дамудың жаңа интеграциялық кезеңіне қадам басты. Яғни, барлық қоғамдық құбылыстар бір-бірімен  терең байланысып, жең ұшына жеңі жалғасып жатыр. Инновацияны, технологияны, білім мен өнерді ең бірінші болып қабылдайтын жастар болғандықтан, олардың өмірге, материалдық және рухани құндылықтарға, төл тарихы мен дәстүр-тіліне, қоғамдағы қарым-қатынас процестеріне көзқарасы өзгеріске ұшырауда. Осы орайда рухани мәселеге қарағанда материалдық қажеттіліктердің алға шыққаны жиі айтылып жатады. Жастар белсенді, көзқарасы тың, энергиясы мол болғандықтан тәжірибесі аз болса да, жұмысы өнімді болып, кез-келген процеске шынайы қызығушылықпен қатысады. Көптеген жастардың шет тілдерін үйренуі коммуникациялық кедергілерді бұзады және кез-келген мемлекеттің жастарымен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жаһандану жастарға, оның қазіргі өмірге бейімделуіне және сайып келгенде оның әлеуметтенуіне әсер етеді.

Жаһандану жағдайында әр елдің өзгеруі мен дамуы үшін жаңа күштер, жаңа идеялар, ізгі құндылықтар қажет. Олардың барлығына жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу арқылы қол жеткізуге болады. Өйткені, жаһанданудың жағымсыз жақтары жастарды жарға жығуы да ықтимал. Қазіргі уақытта тәрбие беру процесі жастардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру ғана емес, заманның кері ықпалынан қорғауға да бағытталған. Жаһандану процесі кезеңінде уақыт ағымы жас ұрпақты қиын таңдау жасауға итермелейді.  Буырқанған бұқаралық мәдениет жеке моральдық және рухани принциптерді шайып жіберіп, этикалық қағидалар жастарды рухани тәрбиелеуде бағдар бола алмай қалады. Әр елдің өз ұлттық мәдениетін нығайту, жергілікті дәстүр-салтын сақтау және жаһанданудың кері ықпалын еңсеру көптеген мемлекеттердің ішкі саяси бағытының басымдықтарына кіреді. Әрбір мәдениет бағзыдан келе жатқан рухани мұрасы негізінде қалыптасады және ары қарай кеңейіп, жаңаша түрленіп отырады. Жаһандық сын-қатерлерге жауап бере отырып, әртүрлі мәдени дәстүрлері бар адамдар мен этнотоптардың үйлесімді және бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етудің маңызы зор.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы жаңа мемлекеттің жастарын этикалық және адамгершілік, отаншылдық тәрбиелеу мәселелерін алға шығарды. Кеңес Одағы ыдыраған соң, тәуелсіздік алғашқы жылдарындағы тоқырауында қылмыс, нашақорлық, маскүнемдіктің саны көбейсе, екінші жағынан қоғамда жаңа құндылықтар орнай бастады. Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйетін болады.