СОР № 1 Казахский язык 7 класс Жалғаулар мен шылаулардың ерекшелігін ескере отырып, үндестік заңына сәйкес орфографиялық нормаға сай жазу

Назад
Казахский язык - 7 класс, Қазақша 🇰🇿 3 четверть

Жалғаулар мен шылаулардың ерекшелігін ескере отырып, үндестік заңына сәйкес орфографиялық нормаға сай жазу

Задание:

Берілген мәтінді негізге ала отырып, тақырыптың бірін таңдаңыз. Қосымшаларда үндестік заңын ескере отырып, монолог құрастырыңыз. Сөз саны 170-200.
1. ГМО-ға ұшыраған өнімнің монологін дайындаңыз.
2. Биотехнолог маманның монологін дайындаңыз.
3. ГМО өнімін қолданушы адамның монологін дайындаңыз.

Не жеп жүрміз?
Гендік модификация — биотехнологиялық жолмен улы заттарға, суыққа, ыстыққа төзімді өсімдік түрін жасап шығару. 1950 жылдарда атом энергиясымен қосарласа дамыған биотехнология ғылымы бүгінде осылай адам баласына өсімдіктің Құдай жаратпаған жаңа түрлерін тұтынуға мүмкіндік тудырды. Мұның бір пайдасы — бүгінгі күні талғажау қылуға тиімді ас өнімдерін дайындап шығаруға көмектеседі. Мәселен, қазір әлeмдегі жеті миллиард халықтың бір миллиарды ашығып, халыққа тамақ тауып беру мәселесі туындап отырғанда биотехнологияның жетістігімен қиындықтан өтуге болады. Америка, Англия елдері ғалымдардың көмегімен осындай жаңа өнім түрлерін өндіріп, Кения, Индия, Африка елдеріне апаруды қолға алған. Бірақ бұны мемлекеттік деңгейде жүргізбеген. Жекелеген кәсіпкерлердің қолымен жүзеге асырды. Бір ескере кететін жайт, биотехнология арқылы өндірілген азық-түлік пен жеміс-жидектердің өз елдерінде сатылуына жол берілмейді.
Биотехнология арқылы ас өндіруді Қытай мықтап қолға алған. 9,2 миллион шаршы шақырым жерде екі миллиардтай халқымен нығыздалып отырған Қытайдың, әрине, кең алқапқа егіс салып, жағасын жайлауға жіберіп жатуға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті де, химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді шектен тыс пайдаланып, жылдам өсіп шығатын, тез пісетін және ұзақ сақталатын өсімдіктер өсіру жолын пайдаланды. Ғылымның осы түрінің арқасында бүгін адам баласы азық-түлік, жеміс-жидек пен көгөністер тұтына отырып, түрлі жан-жануарлар мен жәндіктердің генін сіңіруде. Мәселен, оңайлықпен езіле қоймайтын қып-қызыл тастай қызанақ жеп отырып, ағзасына акуланың азу тісінің гені еніп жатқанын байқай бермейді. Сол секілді, құрт тұмсығын батыра алмайтын, қап-қатты, әдемі алмамен бірге шаянның, ал бір түйірі бір келіге дейін баратын картоппен бірге доңыздың генін ағзаға сіңіреді. Бір түйірі қызанақтай шиелерге тағы да сол доңыздың гені, ал жүгеріге жәндіктер залалын тигізбеуі үшін жыланның уынан алынған белсенді ген енгізілетін көрінеді. Түсінікті тілмен айтқанда, мәселен, акуланың азу тісінің бір генін алып, қызанақ жасушасының ішіндегі ДНК-ның бір бөлігімен алмастырып жібереді. Осылайша қызанақ ДНК-сы өзгеріп, мүлдем басқа өсімдік өсіп шыға келеді.

Решение:

1-тақырып

Гендік тұрғыда өзгеріске ұшыраған өнімдер туралы айтқанда, әлем ғалымдарының да, қоғамның да пікірі екіге жарылады. Біреулер бұл адамзат үшін өте қажет десе, келесілері олардың адам денсаулығына зияндығын алға тартады. ГМО өнімдерін жақтаушылар бұндай өнімдерін шығару адамзатты аштықтан құтқаратын бірденбір жол деп тұжырымдайды. Өйткені тағы 40-50 жылдан кейін Жер бетіндегі тұрғындардың саны 11 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Яғни ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныс та артады. Бұл мәселені ГМО арқылы бірден шешуге болады. Ал қарсыластары оның адам денсаулығына әсері толықтай зерттелмегенін алға тартады. Қалай десек те, гендік тұрғыда өзгерген өнімдер адамзат өміріне дендеп еніп келеді. Бір мемлекеттер оларды шығаруға, таратуға заңмен қатаң тыйым салса, кейбір елдерде рұқсат берілген, келесілері либерал көрқарас ұстанады. Мәселен, қазіргі кезде Ресей Думасы ГМО өнімдерін елге кіргізуге тыйым салу туралы заң жобасын талқылап жатыр.

Яғни бұл саланы мемлекеттік тұрғыда бақылауды қолға алмақ. Ал Қазақстанда бірнеше жылдан бері олардың пайдасы мен зияны туралы қанша рет талқыланса да, мәселе ашық күйінде қалып отыр. Өйткені нақты сүбелі зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал азық- түлік өнімдерінің басым бөлігі шеттен келетіндіктен, сарапшылар Қазақстан дүкендерінде де құрамында гендік тұрғыда өзгеріске ұшыған компонентттері бар азық-түліктер дүкен сөрелеріне түсе бастағандығын айтады. Дегенмен ел Президенті биылғы жолдауында агросекторды дамыту мәселесіне тоқтала келіп, ГМО өнімдерінен қорқудың еш қажеттілігі жоқ деп тұжырымдады. Алайда, Қазақстанда әлі күнге ГМО өнімдеріне қатысты заңдық негіз қалыптаспады. Тек 2010 жылы «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» ҚР заңы күшіне еніп, сол жерде бір-екі ауыз айтылады. 2000 жылы биоқауіпсіздік туралы Картахен келісімі қабылданған. Бұл құжатта көптеген мемлекеттердің ГМО өнімдеріне қатысты көзқарасы белгіленеді. Оған 166 мемлекет қол қойды, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл құжатта зияндылығы дәлелденген жағдайда, кез-келген гендік тұрғыда өзгертілген өнім зиян деп танылсын деп жазылған. Алайда ондай өнімдердің зияндылығын дәлелдеу оңай емес.