СОР № 1 Казахский язык 7 класс Идеясы ұқсас публицистикалық және көркем әдебиет стиліндегі мәтіндердің тақырыбы, құрылымы, мақсатты аудиториясы, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау
НазадИдеясы ұқсас публицистикалық және көркем әдебиет стиліндегі мәтіндердің тақырыбы, құрылымы, мақсатты аудиториясы, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау
Задание:
Екі мәтінді салыстырып, тақырыбын, құрылымын, мақсатты аудиториясын, олардың тілі мен стилінің формасын, ұқсастығын және айырмашылығын сараптаңыз.
1-мәтін
Қаһарман
Мың құбылып тұрса-дағы бар маңы,
Адамзатты алға бастар Ар заңы!
Мір оғындай Момышұлы Бауыржан –
Туа біткен туралықтың тарланы.
Әрбір сөзі жас ұрпаққа – тағылым,
Бойға жиған ақылы мен сабырын,
Өмір бойы шындық үшін күресіп,
Жалғандықтың тіліп түскен тамырын!
Жауынгерді айналдырып құрышқа,
Тайсалмастан кірген талай ұрысқа.
Ұрпағына үлгі болған ғұмырын
Ұқсатамын жарқылдаған қылышқа!
Жүру үшін тура жолдан бұрылмай,
Ар мен Намыс бірге туған ұғымдай.
Біздер үшін рухы биік Бауыржан
Батырлық пен Ақиқаттың туындай!
Ұшқыр ойды от-қайраққа жаныған,
Туған елді өз үйім деп таныған,
Жалындаған жастар керек еліме
Батыр баба қасиеті дарыған!
2-мәтін
Редакцияға тапсырма сұрай келген А.Бек нақ осы тұсқа тап келеді. Редакцияның сол кездегі қызметкері «Бранденбург қақпасы» кітапшасының авторы жазушы Александр Кривицкий А.Бекке осы жиырма сегіз батыр жайлы түсіндіре келіп, шығарма жазуды тапсырады. Полкте бір қатал полк командирі – аға лейтенант Б.Момышұлы деген командирдің бар екенін ескерте айта келіп, сол жайлы шығарма жазуды қатты өтініп сұрайды. Аға лейтенант өте қатал, ешкіммен ашық сөйлесе бермейді, тіпті маңына да жолатпайды дегенді баса ескертеді. «Сен Момышұлымен тіл табыса алсаң, онда сенің жолыңның болғаны, – дейді Бекті жолға шығарып салып тұрып. Шындығында да Александр Кривицкий өзі де соғыстың алғы шебін аралап жүріп, Момышұлымен танысып, шығарма жазуды ойлағандардың бірі еді. Әйтсе де, оның бұл ойы іске аспады. Ол Б.Момышұлының қатаң қаһарына шыдамай, дегеніне көне алмай жолдары екі айырылған болатын. Осы жағдайды көп ойланған А.Кривицкий панфиловшылар жайлы шығарма жазуды бір сәтте есінен шығарған емес. Ақыры А.Бекке өзінің ойын іске асыруды тапсырады. А.Бек бұл жұмысты ойдағыдай атқарып, Б.Момышұлының атын да, өзінің атын да дүниежүзіне әйгілі етті. Б.Момышұлы А.Бекті алғашында қабылдамады. Турасын айтсақ, сөйлеспек түгіл маңайына да жолатқан жоқ. Ал Бек Б.Момышұлының бұл қылығына қатты қынжылса да, наразы болмады. Бірақ соңынан қалмай Б.Момышұлы алғы шептегі окоптарды аралағанда, ізінен қалмай алғы шепке барды. Штабта отырса, ол штабтың босағасын қарауылмен бірге күзетіп отырды. Сөйтіп жүріп ақыры Бәукеңді дегеніне көндіріп, өз ойын іске асырды.
Мәтіннің тіліне, мақсаты мен мазмұнына сараптама жасау жолдары:
1. Мәтінді мұқият оқып шығыңыз;
2. Оқу барысында мәтін стиліне (ресми және бейресми) назар аударыңыз;
3. Мәтіннің аудиториясын анықтаңыз; яғни бұл мәтінді кімдер оқитыны туралы болжаңыз. Әдетте, аудитория жас ерекшелігіне, қызығушылығына қарай жіктеледі;
4. Осы мәтін арқылы автор оқырманға қандай ой тастағысы келетінін ойлаңыз. Автордың ойы сіз сараптама жасап отырған мәтіннің мақсаты болады;
5. Мәтін абзацтарын қысқа мазмұндаңыз; мәтінді мазмұндауда бір-біріне қарама-қайшы пікірлерді атап өтуіңізге болады. Ол кезде төл сөз бен төлеу сөзді пайдаланғаныңыз дұрыс. Соған байланысты автор көзқарасын да келтіруге болады.
6. Әр абзацтың бір-бірімен байланысын анықтаңыз; әр абзац, әдетте, бір-бірімен логикалық жағынан байланысады немесе жалғаулық шылаулар арқылы байланысады;
7. Мәтіннің тіліне сараптама жасауда тақырып бойынша термин сөздер мен кәсіби сөздерді анықтап, сол арқылы автордың қай стилде жазып отырғанын растай аласыз. Адамның көңіл күйін білдіретін сөздер, әдетте, көркем әдебиет стиліне тән екендігі ұмытпаңыз.
8. Әр абзацтың соңғы етістігіне талдау жасаңыз. Олар әртүрлі шақтық формада тұруы мүмкін. Олардың ол формада тұруына түсініктеме беріңіз.