СОР № 1 Казахский язык и литература 9 класс Жаһандық мәселе: демография
НазадЖаһандық мәселе: демография
Задание:
Осы айдағы мектеп журналының тақырыбы – әлемдегі демографиялық жағдай. Газет тілшісі ретінде «Демографияның өсуі ғаламшар үшін апат па?» деген тақырыпта шағын мақала жазыңыз. Мақалаңызда мәтіндегі ақпараттарды қолданыңыз.
Жер бетіндегі халық санының өсу қарқыны кезеңдерге байланысты әр мемлекетте әртүрлі сипат алған. XV ғасырдан бастап аграрлық мәдениет, медицина мен жаратылыс ғылымдарындағы адамзат қол жеткізген нәтижелер адам баласының өсімін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. XVI ғасырда халықтың негізгі бөлігі Еуропада тұрғанымен, салыстырмалы түрде Таяу Шығыс, Орта Азия, Қытайда да халық саны көп шоғырланған. Ұлы географиялық ашылулар кезеңінде адамзат баласы планетаны ғаламдық игеруді бастады. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік технологиялардың жылдам таралуы барлық континенттегі халықтың тұрақты орналасуына негіз болды. XVIII ғасырға дейін халық саны орташа жылдамдықпен, жүзжылдықта 1%-ға көтеріліп отырған. Ал 1830 жылдары өнеркәсіптік революция басталғаннан кейін, жер бетіндегі халық саны 1 млрд-ты құрады. Тамақтанудың, санитарлық-эпидемологиялық жағдайдың жақсаруы, гигиеналық, медициналық құрал-жабдықтардың кеңінен таралуы бала өлімін азайтып, өмір сүру ұзақтығын арттырды. Бұл жағдай әлемдегі халық санының аса жылдамдықпен дамуына әсер етті. Ұдайы өсу үздіксіз ұрпақ ауысымын жаңартып отыруды қамтамасыз етеді. Бұл үдеріске әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жоғары деңгейде ықпал етеді. XVIII ғасырдың ортасынан бастап XX ғасырдың орта шеніне дейін экономикасы жылдам қарқынмен дамыған Ұлыбритания, АҚШ, Франция секілді елдердің есебінен жер бетіндегі халық санының артуы байқалды. Ал XX ғасырдың ортасында әлемдегі жағдай тез арада өзгеріп, дамушы елдердегі халық санының артуы – «демографиялық жарылыстың» туындауына себепші болды. Дамушы елдердегі демографиялық жағдайдың жоғарылауы этникалық және діни себептермен, ерте бастан некеге тұрумен, білім деңгейінің төмендігімен, өндіріске әйелдерді араластырмаумен тікелей байланысты. Сонымен қатар кейбір мемлекеттерді отарлық тәуелділіктен босату, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, халықаралық гуманитарлық ұйымдардың көмектері есебінен өлім саны тез арада қысқарды. Мұндай құбылыс «демографиялық жарылысқа», яғни халық санының жылдам қарқынмен дамуына алып келді. Әлемдегі халық санының өсуі «перифериялық», яғни дамушы елдер және өтпелі экономикасы бар елдерге тән сипат алуда.
Решение:
Біз бір орында тұрмайтын, үнемі өзгеріске түсіп отыратын әлемде өмір сүреміз. Бізді бір қаладан екінші қалаға көшіп немесе саяхаттап жүрген толассыз, сансыз адамдар қоршайды. Азық пен су, жер ресурстары, жанармайға деген қажеттіліктердің өсуі, климаттың өзгеруі — осының барлығы біздің ғаламшарымыздағы халық санының тынымсыз күрт өсуіне байланысты орын алуда.
Елімізде қазақ және орыс ұлты этникалық құрылымның 85%-ын құрайды. 1989-1999 жылдар аралығында Қазақстандағы халық саны 1 246 028-ге қысқарған. Бала туу көрсеткіші 1991 жылмен салыстырғанда 353,2 мыңнан 400,7 мыңға дейін немесе 13,5%-ға көбейген.Өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 4,7 жылға ұзарған. Соның ішінде ер адамдар — 5,3, әйелдер — 4,5 жылға дейін ұзағырақ өмір сүреді. Жалпы алғанда тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстандағы адам саны 9,5%-ға өскен. Шын мәнінде жиырма жыл уақыт ішіндегі еліміздің демографиялық көрсеткіштері көңілді көншітпейді. Тіпті халықтың басым көпшілігін орыс және өзге де ұлт өкілдері құрайтынын ескерсек, қазақ ұлтының көрсеткішінің өсуі болмашы пайызды ғана құрайтыны анық. Қазақстандық демографтардың айтуынша, еліміздегі әрбір отбасы 1-2 бала тәрбиелейді және отбасылардың жиі ажырасуы мен ересектер арасындағы өлім көрсеткішінің жоғары болуы демография көрсеткішінің қарқынды түрде өсуіне кедергі болады.1 маусымда Қазақстандағы халық саны 18 014,2 мың деп мәлімделген болатын. Оның себебін елімізде бала туу көрсеткішінің өсуімен тікелей байланыстыруға болады. Сонымен бірге сәби өлімі керісінше төмендеген. Мәселен, 2016 жылғы статистика бойынша сәби өлімі 11,6%-ға азайған. Елімізде сәби өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды.
Әлемде ересектер мен егде тартқан адамдардың саны көбейіп, керісінше балалар саны азаюда. Бір баладан артық бала тәрбиелегісі келмейтін отбасылардың және мүлдем балалы, отбасылы болудан бас тартқан әйел мен еркектердің саны артуда. Дәстүрлі отбасылармен қатар гомосексуалды одақтар да пайда болды. Шын мәнінде гендерлік теңдіктің демографиялық көрсеткішке тікелей әсер етіп отырғанын байқауға болады. Бүгінде ер мен әйел бірдей құқықтарға ие, бірдей киім киіп, бірдей шаш үлгісімен жүре береді. Ердің ер рөлінен, әйелдің өз дәстүрлі рөлінен алшақтауы бала туу көрсеткішін төмендетеді. Кейбір мамандардың айтуынша, дәстүрлі отбасы түсінігі (әке, бала, ана) жиырма жылға жуық уақыттан кейін жойылуы мүмкін. Ал ол өз кезегінде отбасы құрудағы басты мақсат-баланың дүниеге келуіне тосқауыл болмақ. Қазіргі кездегі «өзің үшін өмір сүру» түсінігі көпшіліктің өмірлік ұранына айналғанын да байқаймыз. Осы орайда, адамның түйсік деңгейіндегі басты қажеттілігі- өз ұрпағын жалғастыруды жүзеге асыру проблемаға айналып отыр. Бұл өз кезегінде демографияның төмендеуіне, атап айтқанда қоғамда жастардың, балалардың азаюына алып келеді. Қазіргі таңда Еуропа елдерінің көпшілігі дерлік бала туу көрсеткішінің азаюынан зардап шегіп отыр. Мұндай демографиялық тенденцияның салдары еңбекке жарамды халық санының қысқаруына, адам капиталының төмендеуіне, денсаулық сақтау саласының шығындануы сияқты мәселелерге алып келуі мүмкін.
Дамыған және дамушы елдер экономикасы үшін халықтық өмір сүру ұзақтығы жағымды да жағымсыз салдары болуы мүмкін. Мәселен, бірінші жағдайда еңбек қызметін зейнетке шыққаннан кейін де жалғастыруға мүмкіндік болады, ал екінші жағдайда егде жастағы азаматтарды қамтамасыз ету мәселесіндегі проблемалардың туындауы.Заманауи экономиканың дамуы территориялық және мұнай-шикізат ресурстарды талап етеді. Проблеманың басты қаупі ресурстардың шектеуі ғана емес, оларды қолдану кезіндегі қоршаған ортаға әсер етуі болып отыр.Экономикасының дамуы төмен мемлекеттерде халық санының өсуі қоршаған ортаға өте үлкен зиянын тигізіп жатқанын көруге болады. Мәселен, қалалардың өсуі мен кеңеюі, жер мен су ресурстарының деградацияға ұшырауы, климаттық өзгерістер, соның ішінде жаһандық жылыну эффектісі — барлығы адам санының күрт өсуі мен олардың тынымсыз әрекеттері әсерінен орын алуда. Кедейшілікпен күрес, табиғатты қорғау мәселелері қолға алыну керек.Этникалық проблемалар мен босқындар мәселесінің туындау себебі- халық санының күрт өсуі есебінен мемлекеттің осы халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндігі, қауқары жетпегендіктен туындайды. Мәселен, қоғамда халық санының көп болуынан оларды жұмыс орнымен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім жүйесіндегі проблемаларды шешу қиындай түседі. Қазіргі уақытта мұндай көріністерді халықаралық жағдайда жиі байқауға болады. Сирия, Ливия, Ирак сынды ел тұрғындары мемлекеттің қолдауынсыз, көмегінсіз қалып бас сауғалап жүр. Еуропа елдерінің бірқатарын пана еткен олардың жағдайлары күннен-күнге шиеленісуде.Урбанизация тек қана қалалардың дамуы, олардың қоғамдағы рөлдерінің артуы ғана емес, қалалардағы адам санының көбеюі, табиғатқа, қоршаған ортаға шектен тыс әсер етуі. Табиғат ресурстарының, жер, энергетика, азық-түлікті қолдану орталығы -ірі қалалар болып табылады. Атмосфераның ластануының 4/5-і қаладағы өндірістердің есебінен.Сонымен бірге, ірі қалаларда энергияның, шикізаттың, әсіресе таза, сапалы судың тапшылығы қатты білінеді.Егер әлемдегі барлық мемлекеттерді экономикасы жақсы дамыған және экономикасы нашар дамыған, кедей деп бөліп қарастыратын болсақ, бай, ауқатты елдерде халық саны көп емес, тіпті азайып бара жатқанын байқаймыз.Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылы Африканың кедей мемлекеттеріндегі халық саны миллиардқа жетуі мүмкін. Ал жалпы жер бетіндегі адам саны 2050 жылы 11 миллиардқа жетеді. Осы орайда логикалық заңды сұрақ туындайды. Біздің Жер ғаламшарымыз осындай шектен тыс салмаққа, шектен тыс қысымға дайын ба? Ал мемлекеттер мен миллиард халқы бар елдер өз тұрғындарын асырауға, қамтамасыз етуге қауқарлы ма? Әрине, Қытай секілді алып, бай держава халының саны 2 миллиардқа жетіп жатса да, оны қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны анық. Себебі ауқатты елдердің ресурстарды алудың альтернативті жолдарын табуға мүмкіндігі бар. Ал кедей елдердің жағдай ауыр болмақ. Кедей мемлекеттердегі ауыр жағдайдан, аштық, жұқпалы аурулар таралу мүмкін немесе қарапайым ауыз су тапшылығы адамдардың қырылып түрлі апаттық жағдайлардың орын алу мүмкін. Бұл проблеманы шешудің басты жолы-бай мемлекеттер болашақтағы 10 миллиард адамға пайдаланылатын жер ресурстарын жеткізу мәселесін кезең-кезең, қадам-қадаммен ойластыру қажет.