СОР № 1 Казахский язык 9 класс Биотехнология және гендік инженерия келешегі

Назад
Казахский язык - 9 класс, Қазақша 🇰🇿 3 четверть

Биотехнология және гендік инженерия келешегі

Задание:

Мәтінді мұқият оқыңыз. Гендік инженерия мәселесі бойынша оқушылар арасында эссе жазу байқауы өтпекші. Сіз осы байқауға қатысу үшін «ГМО-дан келер қауіп бар ма?» деген тақырыпта эссе жазамын деген шешім қабылдадыңыз. Мәтіндегі деректер мен ақпараттарды пайдаланып, эссеңіздің жоспарын құрыңыз.

ГМО: Біз әлемді тамақтандырамыз Гендік модификацияланған организмдер – биотехнологияның ХХ ғасырдағы басты жетістігі. Халық арасында «ГМО» ретінде танылған бұл өнім гендік инженерия нәтижесінде алынған жасанды генотип. Кез келген өзгеріс ғылыми немесе шаруашылық мақсаттарға сәйкес жүзеге асатыны белгілі. Сіз білесіз бе? Күнделікті өмірде сүйсініп жейтін картоп өнімдерінің құрамына сарышаян гені қосылады. Осылайша ол суыққа үсімейтін, төзімді азыққа айналады әрі колорад қоңызынан зардап шекпейді. Дүкен сөрелерінде бір пішінді, керемет иісті жемістерді де жиі байқайтын боларсыз. Ұзақ уақыт бұзылмайтын бұл жемістердің де сақталу құпиясы сол – ГМО. Статистикалық мәлімет бойынша, 1929 жылы небәрі 2 миллиард адам жер бетін мекендеген. Соңғы 50 жылдың ішінде адам саны 7 миллиардқа дейін өскен. Болжамға сүйенсек, 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш 9,5-11 миллиардқа дейін артуы мүмкін. Жердің табиғи ресурсы барша адамды аштықтан сақтауға жетпесі анық. Оның шешімі – ұзақ сақталып, тез өсетін өнімдерді дайындау. ГМО адам ағазасына қаншалықты зиян? «New York Times» басылымында Нью Йорк Университетінің зерттеушілері ГМО-ға қатысты «Әлемді жоюдың қайтымсыз үрдісі», – деген пікірді жариялаған болатын. ГМО – биологиялық қару. Өйткені ағза өзге генмен қосыла отырып, мутация жүргізеді әрі нәруызға токсиндер бөлетіні белгілі болған. ГМО-ның күші белгілі бір топты, нәсілді, ұлтты жойып жіберуге жетеді. Қорқыныштысы сол – нәтижесі бірнеше жылдан соң ғана байқалады. Қазақстанға тигізер әсері қандай? Кез келген генетикалық өзгеріс, У-жасушасын жояды да, Х-жасушаның артуына әкеледі. Яғни ер мен әйел арасындағы теңдік жоғалады. Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдарды пайдалану болашақ ұрпақтың белсіз немесе бедеу болып тууына әкеліп соғады. Тәуелсіз сарапшы Игорь Папэ: «Қазақстандық әйелдердің 18%-ы құрсақ көтере алмай жүр. Мұндай мәселе әлем елдерінің көбісінің басында бар»,– дейді. Демек қауіптің ұшқыны бізге де келіп жеткен. Қытай ғалымы Лао-Цзы: «Не жесең, соған тартасың», – деген екен. Ғалымдар да адамның болмысы жеген азығымен байланысты екенін дәлелдеген. Расында доңыздың гені қосылып, пішіні өзгерген, татымсыз қиярларды жеп жүріп, жылқы мінезімізден алыстап кетпейміз бе? ГМО әлемді аштықтан құтқарады, бірақ өзі де – өлімге бастайтын жол. Ішер асыңызға сақ болыңыз!

Жоспар құруға үлгі схема І. Кіріспе бөлім

ІІ. Негізгі бөлім 1. 2. ІІІ. Қорытынды бөлім

Решение:

Сырттан ішкі нарығымызға еркін еніп жатқан түрлі азық-түлік өнімдерінің сапасын бағамдамай тұтына берудің түбі жақсылыққа апармайды. Кәсібін дөңгелетіп, пайда табу үшін жарамдылық мерзімін қолдан ұзартып, құрамына жасанды қоспалар қосатын елдердің өнімі ұлт денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп жатқанын ешкім де саралап отырған жоқ. Табиғи таза азық-түлікті өндіруге географиялық орналасу мен климаттық жағдай жағынан, топырақ сапасы жөнінен қабілетті бола тұра біз неге шетелдерден ГМО (гендік модификацияланған организмдер) тұнған тағамдар қабылдаймыз? Болашақ ұл мен қыздың бедеулігі мен белсіздігі, түрлі қауіпті кеселдер халық санының баяғыда-ақ қарыштап өсіп кетуіне кедергі келтіріп, жасына жетпей жер жастандырып жатқан жоқ па? «Ауыл» партиясы өткізген «Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің таңдауы – ГМО-дан ада өмір» атты дөңгелек үстелде еліміздің осы саладағы бетке ұстар ғалымдары мен экологтары, сарапшылар, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, инвестиция және даму министрліктерінің өкілдері осындай үндеу тастап, ауылшаруашылық өнімдерінің айналымына, тасымалына, құрамын анықтауға қатаң бақылау қою, сол жұмыстарды заңмен нықтап бекіту туралы ұсыныстар жасады. Елімізге алыс және жақын шет елдерден импортталып келіп жатқан ГМО-сы бар өнімдерді қауіпсіз деп айту қиын. Арнайы заңнамалық құжаттарды, қаптамасына белгілеп көрсетуге тиіс жазба ережелерін қадағаламастан әзірге мұндай өнімдер ішкі нарығымызға еркін енуде. Мұның бір себебі тағам құрамындағы ГМО мөлшерін анықтайтын зертханалардың жетіспеуі. «Ең басты қауіп – азық-түлікпен қатар ГМО қолдану технологиясы тұқым, тыңайтқыш, химикаттар түрінде көрініс тауып, топырағымызды залалдап жатыр. Адам денсаулығына бұдан зор қатер болмас. Елбасының өзі Үкімет пен ауылшаруашылығы саласына экологиялық таза өнімдерін шығару туралы нақты тапсырма берді. Экологиялық таза азық-түліктің құрамында ГМО, синтетикалық консерванттар, жасанды дәмдеуіштер мен хош иістендіргіштер, химиялық тыңайтқыштар, құрт түсуге қарсы дәрі-дәрмектер болмайды. Сондықтан дәні де таза болады. Өкінішке орай, бүкіл әлемде құрамында ГМО бар өнімдер көп тарауда. Қазақстанда бұл мәселеде құқықтық нормативтік актілер де жетілдірілмеген, бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымыз осыған тікелей байланысты – деді «Ауыл» ХДПП төрағасы, сенат депутаты Әли Бектаев. Шетелдік тәжірибеде ГМО-ға қатысты ең либералды заң АҚШ-та қолданылады екен. Еуроодақ құрамындағы елдерде ГМО компоненттері қосылған азық-түліктерді өндіруге және импорттауға қатаң шектеулер қойылған. Ережеге сәйкес құрамындағы ГМО қоспасы 0,9 %-дан асқан барлық өнімді таңбалау керек. 2004 жылы Еуроодақ 4 жасқа дейінгі балалардың тағамдарына ГМО қосуға тыйым салды. Франция, Италия және Греция елдерінде ГМО қоспасы бар кез келген азық-түліктің сыртына тайға таңба басқандай жазып қою талап етіледі. Жаңа Зеландия және Африканың көптеген елдерінде ГМО-сы бар өнімдерге мораторий жарияланған. Қытай мен Үндістанда да ГМО азық-түлігін қолдануға белгілі бір шектеулер бар. Сол себепті жиында баяндама жасағандардың айтуынша, Қазақстанда да сырттан әкелінетін тұқымдар мен егістікке қажетті материалдардың құрамындағы бөгде гендерді анықтайтын, егіс алқаптарына мониторинг жүргізетін, ГМО-ға қатысы бар қызметтерді тіркеу, импорт пен экспорт шарттарын, оларға рұқсат беру жүйесін қадағалайтын кешенді мемлекеттік бағдарлама қажет. «Біз не жеп жүргенімізді өзіміз білмейміз. Кешенді мемлекеттік бағдарлама жасалуы қажет. Елдің биологиялық қауіпсіздігі туралы заң шығару керек деп санаймыз. Кедендік бақылау бекеттерін Қазақстанға сырттан келетін өнімдердің құрамындағы ГМО қоспасын анықтайтын зертханалық базалармен жабдықтау, биологиялық және генетикалық қауіпсіздік мәселелерін реттейтін арнайы мемлекеттік мекеме ашу, эрозияға ұшыраған ауылшаруашылық жерлерінің мониторингін жүргізу, азық-түлік құрамындағы ГМО қоспаларын анықтайтын зертханалар ашу туралы ұсыныстарымызды ел үкіметі мен парламент назарына ұсынуға жолдаймыз», – деді ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандарбек Бекшин. ГМО-ға қарсы шығушылар елімізге сырттан келетін өнімдердің химиялық және биологиялық құрамын әбден зерттеп анықтайтын зертханалар жұмысын жолға қойып, бізге ГМО өнімдерінің қаншалықты қажет екенін анықтап алғанға дейін ГМО өнімдерінің тасымалына мораторий жариялау керек деп отыр. «Халқымыз үшін өте өзекті мәселені көтеріп отырмыз, еліміздің болашағы үшін бей-жай қарай алмайтын жағдай. ГМО не үшін керек бізге? Қазақстан сырттан келетін ГМО өнімдерінсіз-ақ өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Сата алмай жатқан астығымыз бар. Қазақстан картоп өндіру мен көкөніс өсіру және бақша шаруашылығы бойынша алғашқы ондық елдерінің қатарына кіреді. Біздің ең басты артықшылығымыз сол – өнімдеріміздің табиғи тазалығында. Нарығымыз да кішкентай, бізге ГМО өнімдері не үшін әкелінеді? Сондықтан мен түбегейлі ГМО азық-түліктерінің тасымалына қарсымын», – дейді Алматыдағы Картоп және көкөніс шаруашылығы қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Теміржан Айтбаев. Халық денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ГМО өнімдері тасымалын заңмен реттеу қажеттілігін алға тартушылардың қаупі мен алаңдаушылығы тегін емес. Өйткені бүгінгі ел нарығына сырттан келіп жатқан өнімдердің қайсысы зиян, қайсысы залалсыз екенін санмен де, сапамен де ешкім нақты басып айта алмайды. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ал нақты айта алмау – қауіп жоқ деген сөз емес, қауіп қаншалықты асқынғанын бағдарлай алмай қалу деген сөз екені мәлім. Сол себепті де ГМО өнімдерін сырттан әкелу, қолдану, өсіру, тұқым қорынан ГМО-сы бар дақылдарды алып тастау жөніндегі Гендік модификацияланған организмдері бар өсімдік пен мал өнімдерінің сауда айналымын және биологиялық қауіпсіздігін реттейтін Заң қабылдау арқылы ғана осы мәселеде айқындылыққа қол жеткізе аламыз.