СОЧ № Казахский язык 9 класс
Назад
Задание:
1. Мәтінді оқып, мақсатты аудиториясы мен көркемдегіш құралдарының рөлін анықтаңыз. Көтерілген мәселені өмірлік мәселелермен байланыстырып, көзқарасыңызды мысалдармен дәлелдеңіз. Жағдаятқа сай сөздер мен тіркестерді қолдануды ескеріңіз.
2. Өз жұбыңызды мұқият тыңдап, мазмұны бойынша маңызды деп санайтын 2 сұрақ қойыңыз. Татқылауға белсенді қатысып, пікіріңізді білдіріңіз.
Транскрипт
1-мәтін
Әрбір қоғам көптеген адамдарды, партияларды, ұйымдарды, әлеуметтік топтарды біріктіретіндіктен, әр адамның, әр топтың өзіндік ерекшеліктерге ие мүдделері мен талаптары болады. Кейде осы мүдделер қақтығысып қалатын жағдайлар да орын алып отырады. Мәселен, белгілі бір аудан тұрғындары үйлеріне жақын жерден көлік гараждарын немесе жанармай станциясын салуға болмайды деп санайтын кезде, ал қала әкімдігі құрылыс жоспарын бекітіп қойған жағдайда қақтығыстың әбден орын алуы мүмкін екендігін сеніммен айтуға болады.
Қақтығыстар үлкен ауқымда да көрініс табуы мүмкін. Мәселен, оппозициялық партия кандидаттардан арнайы қорларға ақша төлеуді талап ететін сайлауалды заңнамасымен келіспей, заңның осы бабын қайта қарауды талап ететін жағдайда да қақтығыс орын алуы мүмкін. Біздің әрқайсысымыз осы тәрізді орын алуы мүмкін көптеген қақтығыстардың қатысушылары бола аламыз.
Әдетте, ең күрделі қақтығыстар тек шектеулі түрдегі заттар туралы егестердің төңірегінде орын алады. Мәселен, көрші елдердің арасында шекараларда орналасқан су ресурстарын бөлу бойынша пікір қайшылықтары көп орын алады. Осы ретте болашақ астық пен өнімдер суарылатын жерлермен тікелей тәуелділікте көрінетін Орталық Азия елдері арасында өткір ахуалдардың орын алуы әбден мүмкін. Біздің еліміздегі көптеген экологиялық ұйымдар мен саяси қайраткерлер Ертіс өзенін бұру жолымен Қытайда салынып жатқан Ертіс-Қарамай каналына қатысты алаңдаушылық білдіруде, өйткені бұл жағдайда Қазақстанның едәуір аумағы құрғақшылық тартатыны анық. Мұндай жағдайларда қақтығысты шешу үшін оған қатысушы тараптардың белгілі бір түрде шегіністер жасауы талап етіледі.
2-мәтін
Ақтолқын Құлсариева, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры:
— «Адамның күні – адаммен» демекші, өмірде барлығымыз бір-бірімізбен өзара байланыстамыз. Дегенмен адамдар шын мәнінде жарастықта, үйлесімде өмір сүріп жатпағаны да рас. Бүгінгі күні адамзат ақпараттар, технологиялар және біліммен жақсы қаруланған, бірақ, өкінішке орай, соғыс пен түрлі қақтығыстарға жол бермеуге қауқары жетпеуде.
Көпшілігіміз үшін, шүкір, бейбіт өмір – күнделікті шындық. Күнбе-күн біздер университетке жұмысқа барамыз, көшелеріміз тыныш… Сонда біз осы мамыражай бейбіт тірлік құндылығына аса көңіл бөлмеуіміз де мүмкін. Бейбітшілік те ауа сияқты – барлығы білінбейді, ал егер жазатайым жоқ болып қалса – тіршілікке үлкен қауіп тудырады. Өкінішке орай, бізге күнделікті үйреншікті жағдай – әлемнің түрлі бөліктерінде шиеленіс пен қорқыныш қаупіне бөленген адамдар үшін арман ғана.
Бүгінде кикілжің мен қақтығыстар шиеленісе түсуде. ХХІ ғасыр дерті дерлік лаңкестік зардаптары, қоғамдағы қорқыныш пен үрей, жеке тұлғалар санасының зиянды стереотиптерге бейім болуы адамзат өркениетіне, тіпті, бүкіл планетадағы өмірге қауіп төндіруде. Демек әлеуметтік жүйе де, рухани-адамгершілік принциптер мен құндылықтар да сынға түсер заман туып тұр.
Біз қоғамның жүйелі қағидаттары ретінде «қауіпсіздік мәдениетін», «бейбітшілік мәдениетін» жиі айтамыз. «Бейбітшілік мәдениеті» құндылықтарын қолдау және оны өндірудің маңыздылығын мойындау аясында шынайы саясатта көретініміз мүлдем басқа жағдай – қоғамдық қауіпсіздік атын жамылған «соғыс мәдениеті». Осы жағдайды терең түсінген Президент: «…соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр», – деп ескертті.
1-мәтін
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында: «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек», – деп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударған болатын.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – қазіргі заманауи қоғамның ең маңызды мәселесі болып тұр. Ғылым мен техниканың қарыштап дамуы табиғатқа жағымсыз әсерін тигізбей қоймайды. Соңғы қырық жылдың ішінде ресурстарды тиімді тұтыну жиырма бес есе, ал өндірістің қалдықтары жүз есе өскен.
Табиғи ресурстардың азайып, сарқылуы – өзекті. Қор деңгейінің төмендегені соншалық адам баласына жеткіліксіз екендігі мықтап сезілуде, сондықтан оларды тиімді пайдалану, адамзат әрекетінің зиянды зардаптарына жол бермеу, бүкіл табиғи кешендердің өнімділігін сақтап, арттыру қажеттілігі туындайды. Бұл тұста табиғат ананың берген сыйын кешенді қолдану, қалдығы кем немесе қалдықсыз технологияларының пайдаланылуы, ресурстардың қайта қолданылуы ерекше өзектілікке ие болып тұр. Ғалымдардың айтуынша, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды, еңбек өнімділігін, өндіріс көлемін және ауылшаруашылығы өнімінің сапасын арттыруды, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негіздеу керек. 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада суармалы жерлер алқабын 1,5 есеге арттыру көзделген. Негізгі акцент жер және су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.
2-мәтін
— Арман Азатұлы, 2025 жылға қарай судың тапшығы болып, күрделі ахуал қалыптасады деген пікірлер қаншалықты шындыққа сайкес келеді?
— Су – жер бетіндегі өмірдің көзі ретінде маңызды табиғи және стратегиялық ресурс. Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде су ресурстарының ахуалы бойынша алаңдаушылық артып келеді, себебі халық саны ұлғайып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл суды пайдаланудың көлемін арттырып отыр. БҰҰ мәліметі бойынша әлемде жылына ауызсудың тапшылығы 230 млрд. текше метр мөлшерінде бағалануда. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарында: «Онжылдықтағы мақсат – барлық деңгейдегі су ресурстарына байланысты іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар бойынша шараларға және проблемаларға баса назар аударуға негізделген», — делінген.
— Қазақстанда халқымызды ауызсумен, ал экономиканың салаларын су ресурстарымен қамтамасыз етудің нақты жоспарлары бар ма?
— Қазақстан аумағы ТМД-ның еуропалық және сібірлік бөліктеріндегі республикалармен салыстарғанда су ресурстарына біршама жұтаңдау. Ауызсу тапшылығы бізде экологиялық және экономикалық проблема болып табылады. Мәселен, халық пайдаланатын ауызсудың көзі ретінде табиғи су қоймалары, өзендер мен көлдер қарастырылады. Осылардан су жинақталады және ол тазартылып, кейіннен таза су ретінде пайдаланылады. Сіз айтқан мәселелерді шешу үшін су қоймалары мен суды тазарту жабдықтарынан бастап сумен қамтамасыз ететін нысандарға дейінгі құрылыс нысандары, яғни бірнеше шақырымға созылған су құбырлары салынады. Осы орайда айта кетерлігі, өткен ғасырда салынған су құбырлары жүйесінің және ауызсумен қамтамасыз ету нысандарының бүгінде 60 пайызының тозығы жеткен. Жаңадан әзірленіп, жүзеге асырыла бастаған «Ақ бұлақ» атты салалық жаңа бағдарлама осы мәселелерді шешеді деген ойдамыз.