СОЧ № Казахский язык 10ОГН класс
Назад
Задание:
1. Мәтінді мұқият тыңдаңыз. Мәтіндегі ақпаратты қолданып, көтерілген басты мәселені анықтаңыз. Мәтіннің жанрына қатысты тілдік оралымдарға талдау жасап, мысалдар арқылы дамытып, дәлелдеңіз.
2. Өз жұбыңызды мұқият тыңдаңыз. Оның мәтіні, онда көтірлген мәселе бойынша маңызды деп санайтын 2 сұрақ қойыңыз. Оның мәтінінің басты идеясын анықтауға белсенді қатысып, пікіріңізді білдіріңіз.
А мәтіні
«Елге ұстаздық еткен қарттан алғыр, құйма құлақты,
Қонақтары сұрапты:
— Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған?
— Бір жарым! — деп тіл қатыпты әлгі адам.
— Ал, дәл айтсам, үш ұлым бар зерек әрі білімді,
Үшеуі де ғылым қуып назарға ерте ілінді.
Сол үш ұлдың бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын,
Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын
Өз ұлтының рухани байлығына жалғады,
Содан шуақ, қуат алып, ғаламдық ой толғады.
Екі ұлымның тағдырында ол өзгеріс болмады,
Екеуі де жалаң білім шеңберінде сорлады.
Рухы, жаны аласаның зорлық жатар парқында,
Сондықтан қос перзентімді санаймын мен жарты ұлға.
Мейлі, мейлі, екі ұлымды қақса да уақыт арқадан
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!
…Біз қанша мың жас өскінді аттандырдық шет елге:
Білім алып келсін дедік,
Жер, ел танып көрсін дедік
Бірақ осы ізгі үмітті жалаң білім өтер ме?
Қайтсек екен, мониторкөз, компьютербас, жас талап,
Білім+Рух болуы үшін ажырамас қос қанат?
…Сан жас қанат ғаламзатқа болмақ үшін өтімді,
Түнгі оттарды іздеп ұшар көбелектер секілді,
Қасиетті ата қоныс — өзен-тауын жерсінбей,
Баба тарих ардақтаған рух тұғырын менсінбей,
Ойын тұсап ессіз, көзсіз еліктеудің жарқылы,
Тек батыстық даңғаза өнер толқынында қалқыды.
… Бүгін неге рухсыздық секілді зор батырлық?
Ізгіліксіз батырлықтан зардап шегіп жатыр жұрт.
Ньютон ашқан үшінші заң нені үндейді білдік пе?
«Әрбір қимыл — қарсы қимыл тудырады» тірлікте.
М.Шаханов «Өркениеттің адасуы» романынан үзінді
Ә мәтіні
Ертеректе «өркениет» деп – адамның өз болмысының мәнін ұғып, өмірден саналы ой түйіп, адамгершілік құндылықтар негізінде тату-тәтті бірге өмір сүруді айтатынбыз. Мәдениетті өмір сүруге деген саналы ұмтылыс – адам табиғатына тән ерекшелік.
Өркениетті ұшқыр уақыттың өзіне шаң қаптырған өнеркәсіптің шарықтап дамуы, ғылыми-технологиялық прогресс, шойын табанынан шоқ шашыраған жүрдек пойыздар, құс қанаты жетпейтін құрлықаралық ұшақ-тар, ғарыштық технологиялар, орасан үлкен метро-польді қалалар мен зәулім ғимараттар, ғаламат су бөгеттері, алып зауыт-фабрикалар, атомдық станциялар, т.б. деп түсінетіндер де баршылық. Ал, осындай материалдық игіліктерге қол жеткізген елдерді өркениет өркешіне шыққан ел ретінде қарастырып жүрміз. Әйтсе де, аталған технологиялық жетістіктер адам тұрмысын жеңілдетіп, жайлы өмір сүруіне дәнекер болғанымен, адамгершілік құндылықтармен бір арнада тоғысып, адам өмірінің материалдық-рухани тамырына бойламайынша өркениеттің негізі бола алмайды.
Адамдағы өркениеттіліктің нышанын ой-пікір мен сана-сезімнің қазыналы қойнауынан іздеген жөн. Әйтпесе, өркениеттілікті жанға жайлы кең сарайлар мен шалқыған байлық секілді тән құмарлығынан, өндіру мен тұтынуға негізделген нәпсілік көрсеқызарлықтан іздеу бекершілік. Бүгінге дейін кейбіреулер өркениетті адам өмірінің жайлылық пен молшылыққа кенелуі үшін ғылыми технологиялық құралдардың жетілдірілуі және жаңалануымен байланыстырып келді. Өркениеттіліктің адам рухының асыл қазыналарынан бастау алатын рухани құндылықтарда, рухани кемелденуде екендігін ұғына алмауымыз өкінішті-ақ. Өркениет деген – уақыт, мекен және адам секілді үш фактор негізінде рухани кемелденуді қамтамасыз ететін қоғамдық орта, жасампаз ақылға негізделген адам өмірінің рухани-материалдық жағын қоса қамтитын идеалды қоғамдық жүйе болуы қажет еді…
Ендігі жерде тоң боп қатқан жерге жағылған отты ары қарай лаулата түсу үшін жастық жалынымен жарқын болашақтың туын желбіретер қазіргі ұрпақ болаттай берік сенім мен мұқалмас ерік-жігер арқылы өз халқының төл құндылықтарын жанындай қорғауы қажет.
А мәтіні
Жаһандану үрдісі кең етек алған XXI ғасырда әлем елдерінің алдында туындаған жалпы ортақтық сипаттағы мәселелер адамзат баласын алаңдатпай қоймайды. Мұндай мәселелердің шешілуі барлық мемлекеттердің бірлескен әрекеттері мен ортақ шараларын қажет етеді. Ал әрекеттер мен шаралар тиімді әрі нәтижелі болу үшін үйлесімділік қажет. Мемлекеттер арасындағы әрекеттерді үйлестіруге апаратын бірден-бір жол – интеграция.
Экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтады. Экономиканы дамыту арқылы одан әрі беріктендіре түсуге ықпал етеді. Себебі интеграциялық бірлестіктердің өзегінде экономикалық прагматизм, өзара сыйластық, барлық шешімді қабылдауға қажетті тең құқықтылық және ашықтық жатыр. Еуразиялық одақты құру басқалардан іргемізді ажырату үшін емес, керісінше, басқа серіктестермен неғұрлым тығыз ынтымақтастық орнату үшін құрылып отыр. Олай болса, экономикалық одаққа бірігуден мемлекеттер тек қана ұтысқа ие болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бүгінде интеграциясыз алға қадам басу мүмкін емес, себебі қандай да бір мемлекет өзге елдермен өзара ықпалдастық орнатпайынша, бірлесе іс-қимыл жасамайынша, алға жылжи алмайды» деген болатын. Еуразиялық интеграция аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің экономикасы бұрынғысынан да қарқынды дамитын болады. Өйткені Қазақстанда жалпы нарыққа, бизнеске арналған жобаларды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасалған. Біздің елімізде теміржол құрамдары, жүк көліктері мен электротехника салалары қарқынды дамып келе жатыр. Сонымен қатар одақ аясында әр кәсіпорын өз қызметін емін-еркін жүргізетін болады. Ол үшін қосымша лицензия немесе тағы басқа келісім-шарт әзірлеудің қажеттілігі туындамайды. Жаңа нарық әр кәсіпорын мен әр азамат үшін ұтымды болады. Еуразиялық экономикалық одақ интеграция үдерісін дамытады. Интеграциялық үдерістердің дамуы – тауарлар мен өндіріс факторларының халықаралық қозғалысының өсуінің заңды нәтижесі. Осы нәтиженің жүзеге асуы барысында елдер арасында шаруашылық-тұрмыстық байланыстардың құрылуы және халықаралық сауда мен өндіріс факторларының қозғалысы жолындағы көптеген кедергілерді жою жүйесі қалыптасады.
Ә мәтіні
Халықаралық валюта қоры неғұрлым әділ табысты бөлу тек тұрақты әлеуметтік саясат қана емес, сонымен қатар мықты экономикалық саясат болады деп есептейді. Ғылыми зерттеулер жоғары деңгейдегі теңсіздікті төмендетудің ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсімді жоғарырақ және тұрақтырақ ететінін көрсетеді. Әр елдің теңсіздікті шешу үшін жасай алатын бірнеше қадамдары бар.
Біріншіден, үкіметтің автоматтандыру және аутсорсингтен қатты зардап шеккен географиялық аймақтарда біліктілігі төмен қызметкерлерді тікелей қолдауы. Атап айтқанда, үкімет медициналық қызмет, білім беру, дағдыларды оқытуға қоғамдық инвестицияларын ұлғайту керек. Әр ел жылдам өзгеретін технологиялар үшін қазіргі және болашақ ұрпақты дайындау үшін өмір бойы білім алу қажеттілігін түсінуі тиіс.
Екіншіден, үкімет қолжетімді бала күтімі, ата-ананың бала күтімі бойынша демалысы, денсаулық сақтау қызметі, жұмыс орнының икемділігін жақсарту жолымен, әсіресе отбасы үшін әлеуметтік қорғау шараларын нығайту қажет. Олар сондай-ақ табысы аз адамдарды салық реформалары және заңды минималды жалақыны төлеу арқылы қолдай алады; еңбек нарығына көбірек әйелдерді тарту үшін салықтық жеңілдік те жасай алады.
Үшіншіден, үкімет әлеуметтік сенімді қалпына келтіру және реформалар жөніндегі қоғамдық қолдауды нығайту мақсатында экономикалық әділдікті қамтамасыз етуді өзіне міндеттеме ретінде алуы тиіс. Атап айтқанда, бәсекелестік жетіспейтін маңызды салаларда көп бәсекелестікті ынталандырып, салық төлеуден жалтаруды азайтып және табыстарын салық төмен жерлерге апаратын бизнес тәжірибесін болдырмауы керек. Бұлар экономикалық интеграцияны жақсартуға бағытталған саясаттардың кейбір мысалдары. Оларды тиімді іске асырумен қатар, қосымша шараларды анықтау үшін де әлі көп жұмыс жасалуы тиіс. Бұл саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, сондай-ақ тұтастай алғанда экономика мамандарына салынатын тапсырма, міндет болуы шарт. Тек бірлесіп, күшті, неғұрлым инклюзивті жаһандық экономиканы құру үшін тез іс-қимыл жасау арқылы ғана табыс деңгейін көтере аламыз.